Павлодарда тұмылдырықсыз итті серуендеткен ер адам жауапқа тартылды
Үй жануарларының иелері белгіленген серуендету ережелерін қатаң сақтауы тиіс, әйтпесе оның салдары ауыр болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар полициясына әйел адам Набережный көшесінде ер адамның итін тұмылдырықсыз серуендетіп жүргеніне шағымданды.
Шақыру бойынша жеткен полиция қызметкерлері ер адамды жануарларды серуендету қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты.
Құқық қорғаушылар иттерді балалар алаңдарында, мектепке дейінгі және мектеп аумақтарында, скверлерде, стадиондарда және басқа да қоғамдық орындарда серуендетуге тыйым салынатынын ескертеді. Ит серуенге шыққанда міндетті түрде тұмылдырықпен, қарғыбауда болуы тиіс, ал адамдар көп жиналатын орындарда итті қысқа қарғыбауда ұстау қажет.
– Жеке үйлердің иелері иттерді аула шегінде, олардың қашып кетуіне жол бермейтіндей жағдайда ұстауы керек, сондай-ақ қақпаға ит бар екенін хабарлайтын ескерту тақтайшасын орнатуы тиіс. Көшеге шығып кеткен ит өтіп бара жатқан адамдарға, әсіресе балаларға қауіпті болуы мүмкін, – деді облыстық полиция департаментінде.
Егер сіз осындай жағдайларға куә болсаңыз, міндетті түрде полицияға хабарласыңыз.