Павлодарда тұрғын үй басқару жүйесіндегі жаңа талаптар талқыланды

Павлодарда тұрғын үй басқару жүйесіндегі жаңа талаптар талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Депутаттар тұрғындардың қатысуынсыз тиімді басқару болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін «AMANAT» партиясының өңірлік филиалында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантай пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК), мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) және басқарушы компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы жаңа заңнамалық нормалардың жүзеге асырылуы мәселелері қаралды.

2025 жылдан бастап қолданысқа енген заңнамалық өзгерістер тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа жүйе бойынша әр нысанда жинақтау шоты міндетті түрде құрылып, тұрғындардың рөлі күшейтіледі және кәсіби басқару енгізіледі.

Бүгінгі басты міндет – тұрғын үйді басқарудың айқын әрі түсінікті жүйесін қалыптастыру, онда басты дауыс тұрғындарға тиесілі. Сонымен қатар мемлекет тұрғындардың қаражаты қалай жұмсалып жатқанын қатаң бақылауға алады, – деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.

Жаңа талаптарға сәйкес, басқару формасын таңдау және тарифті бекіту туралы шешімдерді тұрғындардың көпшілігінің – кемінде 51%-ының қатысуымен қабылдау қажет. Сондай-ақ, ПИК, МИБ және басқарушы компаниялардың жауапкершілігі күшейтіледі.

Кездесуге қатысқан ПИК және МИБ басшылары кадр тапшылығы, тұрғындардың ақпараттандырылуының төмендігі және жинақтау жүйесіне көшу қиындықтары сияқты практикалық мәселелерді атап өтті. Партия өкілдері мен депутаттар өңірлерде түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, халықпен тығыз жұмыс жүргізуді ұсынды.

Заңнама базасы бар, енді оны жергілікті жерде дұрыс іске асыру маңызды. Тұрғындармен диалогсыз ешқандай норма тиімді жұмыс істемейді, – деді депутат Вера Ким.

Депутат Жарқынбек Амантай басқарушылардың кәсіби даярлығын талап ету және ПИК пен МИБ қызметін мемлекеттік инспекциялау жұмыстарының күшеюі қажеттігін атап өтті.

Кездесудің нәтижелері «AMANAT» партиясының парламенттік фракциясының әрі қарайғы жұмысына ескерілетін болады.