Павлодарда тұрғындар ұсынысы бойынша аула жаңартылады
Н.Назарбаев даңғылындағы ауланы абаттандыру мәселесі қала әкімінің қатысуымен талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Н.Назарбаев даңғылы, №16 үй тұрғындарымен кездесті. Онда тұрғындардың өтініші бойынша аула аумағын абаттандыру мәселесі қаралды.
— Бұған дейін тұрғындар балалар ойын алаңын орнату туралы ұсыныс білдірген болатын. Алайда аула аумағының басым бөлігін инженерлік коммуникациялар кесіп өтетіні анықталды. Осыған байланысты абаттандыру жұмыстарын жоспарлау кезінде қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы желілердің орналасуы ескерілмек, - деді шаһар басшысы.
Хасар Хабылбековтың айтуынша, алдағы күндері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары тұрғындармен кездесу өткізеді. Кездесу барысында аула аумағын тиімді пайдалану, балаларға арналған алаң орналастыру мүмкіндігі және басқа да абаттандыру мәселелері талқыланады.
Мамандар тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, қауіпсіз әрі қолайлы шешімдерді бірлесіп шығармақ.