Павлодарда төбелеске қатысқан екі оқушы онлайн оқуы мүмкін
Сот шешімі шыққанша дейін кәмелетке толмаған жастарға қатысты нақты шешім қабылданбайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова жаңа оқу жылында екі оқушы қалай оқитынын айтып берді.
– Сот өткен соң шешімін айтатын боламыз. Тергеу жүріп жатқандықтан, қосымша ақпарат бере алмаймыз. Әзірге олар үйқамақта отыр, әрі қарай бұл сұрақтың шешімін іздейтін боламыз. Ол мәселені Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен прокуратурамен бірлесе отырып қарастырамыз. Бұл сұрақ барлық жақтан талданатын болады, – деді Гүлмира Баширова.– Олар да адам ғой, еліміздің азаматы, барлық конституциялық құқықтары бар.
Оның айтуынша, білім басқармасы жаңа оқу жылында оларды қашықтықтан оқыту форматына көшіру үшін барлық жағдайды жасайтын болады.
Еске сала кетейік, шілденің аяғында Павлодар көшелерінің бірінде жасөспірімдер арасында төбелес болған. 14 жастағы жасөспірім баланы бірнеше адам ұрып-соқты. Түрлі жарақаттармен оқушы ауруханаға жеткізілген еді. Полиция департаменті ҚР ҚК 107-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі істі қозғаған. Кейін облыстық прокуратура оны ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігіне (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) ауыстырған болатын. Бүгінде кәмелетке толмаған екі күдікті үйқамақта отыр