Павлодарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауы мүмкін
Бұл – дауылдың салдарын жою үшін қабылданып жатқан шара, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаулы жобасы «Электрондық үкімет» порталында ашық НҚА бөлімінде жария етілді. Павлодар қаласы әкімінің «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешім жобасы 20 қарашаға дейін талқыланады.
– Павлодар қаласы, Атамекен кенті, Жетекші, Павлодар ауылдарының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын, – делінген құжатта.
Шешімді қабылдаудың мақсаты – табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою. Оның орындалуын Павлодар қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары бақылайды.
Еске сала кетейік, 6-7 қараша күндері өңірде секундына 28 метрге дейінгі қатты екпінді желдің нәтижесінде шатырды жұлып әкетудің 15 фактісі тіркелген болатын. Жаңаауыл ауылында қатты желдің салдарынан жеке үйдің 12 шаршы метр шатыры және Торговая көшесіндегі қойманың 100 шаршы метр шатыры құлады.
Айта кетейік, 7 қарашада өңір бойынша «Павлодар ЭТК» АҚ қызметкерлері 120 авариялық ажыратуды тіркеді.