Павлодарда тауардың құнын жасырған кәсіпкер жазаланды

Павлодарда тауардың құнын жасырған кәсіпкер жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол сотта өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың айтуынша,  биыл мамандар жоспардан тыс 53 тексеруді аяқтады.

– Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 802-бабы бойынша 18 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде бағаны көрсетпей тауарларды өткізгені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу туралы бір қаулы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына сауда үстемесін асырғаны үшін 17 ескерту шығарылды.  Бұзушылықтарды жою бойынша 51 ұйғарым шығарылды. Барлығы орындалды, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.

Тіпті, рұқсат етілген бағаның екі есе өсуіне дейін барған. Департамент қызметкерлерінің араласуымен қарақұмық жармасының құнын 524 теңгеден 264 теңгеге дейін, сары май бағасын 1280 теңгеден 845 теңгеге дейін, күріш бағасын 720 теңгеден 678 теңгеге дейін түсіруге мүмкіндік туды.

Тауардың бағасын саналы түрде көрсетпеген кәсіпкер барлық дәлелдерге қарамастан, ұзақ уақыт бойы кінәсін мойындамаған. Жосықсыз сатушы сотта өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысқан, бірақ бірінші сатыда және апелляция сатысында да кәсіпкердің дәлелдері судьяларды сендіре алмады. Нәтижесінде 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.