Павлодарлық бизнеске қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Павлодарлық бизнеске қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген қаржыландыру мен инвестиция тарту тетіктері таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдеріне арналған мемлекеттік қолдау шаралары бойынша оқыту семинары өтті. Іс-шараға қаржы институттарының өкілдері қатысып, кәсіпкерлерге қолжетімді бағдарламалар туралы мәлімет берді.

«Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ компаниясының өңірлік өкілі Алмаз Акишевтің айтуынша, Қазақстанда инвесторлармен жұмыс істеудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Оның алғашқы кезеңі – шетелдегі өкілдіктер арқылы инвесторлармен бастапқы байланыс орнату.

– Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, өңірге инвесторларды тарту бағытында жұмыс істейміз. Жергілікті кәсіпкерлер немесе инвесторлар жобаға серіктес іздеген жағдайда, бұл жұмысты «Атамекен» палатасымен бірге үйлестіреміз, – деді спикер.

Сондай-ақ 2025 жылдың соңында «Павлодар» ӘКК» АҚ жанынан фронт-офис құрылған. Оның негізгі міндеті – шетелдік және ішкі инвестицияларды тарту. 

– Біз өңірдегі басым бағыттарды анықтап, инвестициялық ұсыныстар әзірлейміз. Аудандар мен қалаларға шығып, қажетті жобаларды қалыптастырамыз. Негізгі басымдық – қайта өңдеу саласы, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өндіріс. Сонымен қатар Екібастұз көмір кластерін, әсіресе көмір химиясы бағытын дамыту маңызды, – деп атап өтті фронт-офис басшысы Тимур Солтаниманов.

Семинарда қаржылық қолдау тетіктері де таныстырылды. Атап айтқанда, «КазАгроФинанс» арқылы кәсіпкерлерге 5% мөлшерлемемен 7 жылға дейін жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. Алғашқы жарна оң кредиттік тарих болған жағдайда 10% болуы мүмкін.

Сонымен қатар «Агробизнес» бағдарламасы аясында 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға дейін несие беру қарастырылған. Мамандар бұл бағдарламалардың да жеңілдетілген санатқа жататынын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді игеруге мүмкіндік береді.