Павлодар облысында жігіт психотроптық заттың аналогын сатқан

Павлодар облысында жігіт психотроптық заттың аналогын сатқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жедел қызметкерлер есірткі сатқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі сатқан күдікті 29 жастағы ер адам жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында анықталып, ұсталды. 

– Күдікті тыйым салынған затты Павлодар қаласының аумағында таратпақ болған, – деп хабарлайды департаментте. 

Полицейлер күдіктіні жеке тінту кезінде құрамында синтетика тектес есірткі заты бар вакуумды байламдарды, сондай-ақ оның көмегімен тыйым салынған заттарды жасырын қаптама әдісімен сатып алған ұялы телефонды анықтады.

Ұсталған жігіттің айтуынша, ол интернеттің көлеңкелі сегментінде тыйым салынған заттармен байламдар сатып алып, есірткіге тәуелді адамдарға жасырын-қаптамалар арқылы бірнеше бөлікпен сатуды жоспарлаған. Сараптама нәтижесі тәркіленген зат жалпы салмағы екі грамм болатын психотроптық заттың аналогы болып табылатынын көрсетті.

Есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны, жөнелткені не өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.