Павлодарда трамвай жүйесін жаңғыртудың жол картасы талқыланды
Облыс әкімі Асайын Байханов трамвай жолдарын Екінші Павлодар мен Достық шағын ауданына дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл туралы аймақ басшысының қатысуымен өткен кеңесте сөз болды.
Жақында Павлодарға жасаған сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көліктің бұл түрін сақтап қалуды тапсырған болатын.
Ол үшін жолдарды, кабельдік және байланыс желілерін, тартқыш қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында тағы сегіз трамвай өткелі жөнделуде.
Қолда бар 111 вагонның тек 30-ның нормативтік пайдалану мерзімі асқан жоқ. Ал 70-ке жуық трамвай ауыстыруды қажет етеді.
Асайын Байханов жаңа вагондар сатып алу және қаржыландыру көздерін таңдау бойынша ұсыныстарды 15 ақпанға дейін беруді тапсырды.
Осы мерзімде жауапты тұлғалар Достық шағын ауданы бойында трамвай тармағын салудың орындылығын негіздеуі тиіс.
Облыс әкімі трамвай желісін екінші Павлодарға дейін ұзарту идеясын еске салды.
- Бұл қала тұрғындарының тілегі, сіздердің міндеттеріңіз - оларға көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету, - деді өңір басшысы.
Суретті түсірген Валерий Бугаев.