Павлодарда трамвайда Наурызға орай ән шырқалған акция өтті
«Ауыл» партиясының жастары қоғамдық көліктерде жолаушыларды құттықтап, мерекелік көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Трамвай астанасы ретінде танымал өңірде өткен шара жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастырды. Ән шырқалған сәттер қоғамдық көліктегі күнделікті сапарды шағын концертке айналдырды.
– Аталған бастама еліміздің басқа өңірлерінде де «Ауылдың әні – Наурыздың сәні» атауымен жүзеге асырылып жатыр. Акция аясында сауда-ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындарда да ән шырқалып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлануда, – деді «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы Наурыз мейрамының рухын кеңінен насихаттап, адамдарға жылулық пен жағымды эмоция тарту етуді мақсат еткенін жеткізді.