Павлодарда велосипед ұрлығы көбейді

Жылдың басынан бері осындай ұрлықтың 111 жағдайы анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаз мезгілінде велосипедпен серуендеу жиілегенімен, иелерінің бейқамдығы ұрлық жағдайларын арттырып отыр. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай қылмыстардың басты себебі тұрғындардың өз мүлкінің қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмеуі. Көп жағдайда ұрланған велосипедтерде сәйкестендіру белгілері болмайды, бұл оларды іздеуді қиындатады.
– Велосипед иелері оларды қараусыз қалдырып, ұрлыққа жол ашады. Мысалы, павлодарлық екі тұрғын шағын базар маңында «Батлер» маркалы велосипедтерінен айырылған. Екі жағдайда да көлік иелері велосипедті бекітпей тастап кеткен, – деді департаментте.
Полиция қызметкерлері велосипедті адам көп жиналатын жерлерде қалдырмауға, велосипедті бекіту кезінде қоршаудың мықтылығына көз жеткізу, велосипедке өшірілмейтін жапсырма, жазу немесе суретпен таңба қоюға шақырады.