Павлодарда велосипедпен жүру: ережені білмесең, айыппұл төлейсің

Павлодарда велосипедпен жүру: ережені білмесең, айыппұл төлейсің
Фото: pixabay

Облыс орталығында велосипедпен жүруге арналған жолақтар санаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Десе де, қауіпсіздіктің басты факторы велосипед жүргізушілерінің тәртібі болып қала бермек. 

Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Арман Қаптаевтың айтуынша, велосипедшілер үшін ең қауіпсіз көшелер – көлік қозғалысы аз және тиісті жол инфрақұрылымы бар учаскелер.

Алайда, полицейлер велосипед толыққанды көлік құралы ретінде жол қозғалысына қатысып, апат көзіне айналуы мүмкін екенін еске салады.

– Инфрақұрылымы бар жерлерде қауіпсіздік жоғары, велосипедшілер ешкімге кедергі келтірмейді. Ал жаяу жүргіншілер жүретін тротуарларда қозғалу қиындық тудырады. Веложолақтар жоқ тар көшелерде, әсіресе, жолды кесіп өткенде, ереже бұзушылықтар жиі кездеседі. Велосипедші бұл кезде велосипедтен түсіп, жаяу өтуі керек. Бізде көпшілігі жүрісті тоқтатпай, айналадағы адамдарға қауіп төндіреді, – деді Арман Қаптаев.

Велосипедті тоқтату автомобильге қарағанда жеңілдеу болғанымен, бұл оны тізгіндеген азаматтарды жауапкершіліктен босатпайды. Кейбір жүргізушілер «зебрадан» жүріп өтпек болады. Жол белгілерін тек көлік жүргізушілеріне арналған деп ойлап, елемеу оқиғалары да жиі кездеседі.

Облыс орталығында велосипедшілердің қауіпсіздігін сақтау бойынша тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, Павлодарда арнайы веложолақтар жасақталған. Олар Орталық жағалауда және Н. Назарбаев даңғылында – Торайғыров көшесінен бастап ҚазПравда көшесіне дейінгі жол бойында орналасқан. 

Жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша 2 АЕК немесе 7864 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Полиция қызметкерлері велосипед шлемін және жарық шағылыстыратын жилеттерді киюді ұсынады. Бқл өзге жол қозғалысы қатысушыларының назарын аудартады. Тәртіп сақшылары қорғаныс құралдарын балалар мен жасөспірімдерге киюге кеңес береді. Өйткені, кей жеткіншектер трюкті велосипедпен жүреді.

– Ішкі істер органдары өкілдерінің ұстанымы айқын: қалалық ортада және қозғалыс қарқыны жоғары жолдарда арнайы жабдықты қолдануды ұсынады. Бұл туралы ата-аналарға да түсіндіреміз. Профилактикалық шараларда тұрақты жүргіземіз, – деді инспектор.

Арман Қаптаевтың пікірімен Қазақстан Республикасының велоспорт бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вадим Горбачевский де келіседі. Спорт шебері өмір мен қауіпсіздікті сақтау үшін қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді: 

  • ыңғайсыз немесе ыстық болса да шлемді елемеуге болмайды;
  •  жарқын киім киіп, жүргізушілерге көрінетін болу;
  •  жол ережелерін сақтау — бәріне ортақ талап; 
  • тротуарларда жылдамдықты бақылау; 
  • жолда келе жатып, ұялы телефонда «отырмау».

– Жолда зейін мен сақтық маңызды. Велосипед айдап келе жатып телефонмен сөйлесуге немесе құлаққап киюге болмайды. Ең болмаса біреуін ғана киіп, қоршаған ортаның шуын есту керек. Құлау қалып, жарақат алу қаупі бәріне ортақ.  Кәсіби спортшылар да осындай жағдайларға тап болуы мүмкін. Өз басымнан өтті.  Алматыда Медеу маңында жаттығу кезінде егде жастағы жаяу жүргінші жолға жүгіріп шығып, екеуміз соқтығысып қалдық. Тағы бірде жеңіл көлік жүргізушісі мені байқамай, қағып кетті. Жеңіл жарақат алдым. Біз ережені сақтаймыз, бірақ басқа қатысушылар елемеуі мүмкін. Сондықтан, жарқын киім киюді ұсынамын. Еуропада бұл міндетті талап: шамдар, жарқын күртешелер – бәрі ережеде жазылған, – деп бөлісті жаттықтырушы.

Инспектор Арман Қаптаевтың айтуынша, Қазақстанда мұндай талаптар әзірге жоқ, бірақ полиция қызметкерлері ұсыныстар енгізіп жатыр.

– Мопедтердің қозғалысын реттеу жұмысы жеңілдеді, қазір олар тіркеледі. Велосипедтерге қатысты «Тыйым салынбаған, демек рұқсат етілген» деген «ереже» бар. Шетел тәжірибесін өзім зерттеген жоқпын, бірақ жол қауіпсіздігі бағытында қызмет ететін әріптестерім айналысып жатыр. Біз қауіпсіз көше желісін дамытуға ұсыныстар енгіземіз. Бұл жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің мүдделерін ескеруі керек. Кешенді шаралар қажет. Жол жабынына қатысты идеялар айтылды, мәселен, «Дубай әдісі». Көлік өткенде «көпір» әсері пайда болып, жүргізуші жылдамдықты төмендетеді. Мұндай ұсыныстар қоғамдық кеңестерде айтылды, – деді инспектор.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, велосипед мегаполистермен салыстырғанда механикалық көлік құралы ретінде жол қозғалысына айтарлықтай жүктеме түсіріп отырған жоқ. Қазіргі таңда негізгі тәртіп сақшыларының назары скутерлер мен мопедтерге аударылып отыр. Велосипедтерге арнайы есеп жүргізілмейді, олардың қала көшелеріндегі нақты саны белгісіз.

Алайда жаңа мәселе туындап жатыр, ол электровелосипедтердің көбеюі.

– Бұл енді жай механикалық көлік құралы емес. Мотоцикл іспеттес, бірақ қуаттылығы төмендеу. Мамандар электровелосипедтерді мопедтерге немесе басқа санаттарға теңестіру туралы ұсыныстар әзірлеп жатырмыз. Бұл тұрғыда қозғалтқыш көлемі мен басқа техникалық параметрлері ескеріледі. Тіркеу мәселесі әзірге қарастырылмайды, бірақ мотошлем кию міндетті болуы керек. Бұл – өмір мен қауіпсіздікті сақтауға қатысты мәселе. Ең болмаса осыдан бастау қажет, – деді Арман Қаптаев.

Алдын алу шаралары да күшейтілуде. Жаз мезгілінде велосипедшілер көп жиналатын орындарда полиция департаментінің жедел басқару орталығының камералары арқылы бейнебақылау жүргізіледі. Қосымша жаяу патрульдер де жұмыс істейді. Дегенмен, басты ереже өзгермейді. Ол – жеке тәртіп пен жол ережесін сақтау.

Жыл басынан бері өңірде велосипедшілердің қатысуымен 23 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Айта кетейік, Павлодарда Лермонтов көшесін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша бұл көше жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және қозғалысы шектеулі азаматтарға қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ. Жоба аясында 117 мың шаршы метр асфальт жаңартылып, жұмыстар аяқталғаннан кейін жол белгілері мен веложолақтарға қатысты арнайы белгілер полицияның келісімі бойынша орнатылады.

Фото Вадим Горбачевскийдің жеке мұрағатынан