Павлодарда вейптердің заңсыз саудасымен айналысқандардың ісі қаралуда

Павлодарда вейптердің заңсыз саудасымен айналысқандардың ісі қаралуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар өнімдерді сауда орындары мен Telegram-арналары арқылы сатып алушыларға жеткізіп отырған,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Электрондық темекілерді заңсыз өткізумен айналысып, ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу бойынша айыпталған 10 адам сот алдында жауап беруде. Қылмыстық іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, айыптау нұсқасына сәйкес, Қазақстанда вейптердің айналымына заңнамалық тыйым енгізілгеннен кейін айыпталушылар тыйым салынған өнімдерді заңсыз өткізуді ұйымдастырған. Өнімдер сауда орындары мен Telegram-арналары арқылы сатып алушыларға жеткізіліп отырған.

Тергеу барысында заңсыз айналымдағы ақшалай қаражат көлемі 1,1 миллиард теңгеден асқаны анықталған. Қылмыстық іс аясында 131 мыңнан астам дана вейп пен оларға арналған сұйықтық тәркіленіп, жойылған.

Сонымен қатар, қымбат автокөліктерге, Алматы қаласындағы пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сот отырыстары жалғасуда. Іс бойынша 70-тен астам куәгерден жауап алынған.

Облыс прокуратурасы 2024 жылғы 20 маусымнан бастап Қазақстан аумағында вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынғанын еске салады. Аталған талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық көзделген.

Сонымен қатар, электрондық темекілерді тұтыну адам денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Осыған байланысты азаматтарды заң талаптарын сақтауға және денсаулыққа зиян келтіретін өнімдерді пайдаланудан бас тартуға шақырамыз.