Павлодарда «Заң зертханасы» атты жылжымалы құқықтық акциясы өтті

Павлодарда «Заң зертханасы» атты жылжымалы құқықтық акциясы өтті
Фото: автор

Балалар қауіпсіздігі басты назарда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Акция «BatyrMall ойын-сауық» орталығында ұйымдастырылды. Жоба аясында қала тұрғындары заң саласына қатысты сұрақтарына жауап алып, мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Шара аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсететін арнайы жылжымалы алаң құрылды. Мұнда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері және өзге де мамандар кеңес берді.

Облыстық полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлия Мұхамедованың айтуынша, мұндай шаралар халықпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

- «Заң зертханасы» - бұл тұрғындарға құқықтық көмек көрсететін жылжымалы алаң. Мұнда әртүрлі сала мамандары қатысып, азаматтарға қажетті кеңестер береді. Сонымен қатар шара барысында бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Ата-аналарға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, - дейді ол.

Полицейлердің айтуынша, баланы терезесі ашық бөлмеде қараусыз қалдыруға болмайды. Москит торлары қауіпсіздікке кепіл болмайды, сондықтан терезелерге арнайы құлыптар мен қорғаныс тетіктерін орнату қажет. Сондай-ақ терезе маңына жиһаз қоймау керектігі ескертілді.