Павлодарда жүзден астам көше қиылысы бағдаршам орнатуды талап етеді
Биыл ешқашан орнатпаған төрт жерде бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы да төртеуін орнатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Біз арнайы тексерісті жасаған кезде бағдаршам орнату керек 150 көше қиылысын анықтадық. Олар кезең-кезеңмен қойылатын болады. Мысалы, оның ішіндегі 24 орын бойынша жергілікті атқарушы органға ұйғарым жіберген болатынбыз, – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның сөзінше, соңғы үш жылда бұрын-соңды болмаған жерлерде 36 бағдаршам орнатылды. Жасқайрат Қайыров Толстой көшесін мысалға келтіріп, бұл көшенің әрбір қиылысы қауіпсіз бола бастағанын атап өтті. Десе де спикер, қалада қауіпті учаскелер әлі де бар екенін жасырмайды.
– Облыс орталығында қауіптілігі жоғары топ үштікке Толстой-Назарбаев, Торайғыров-Назарбаев мен Естай-Назарбаев даңғылы кіреді. Аталған учаскелерде жол-көлік апаты жиі орын алады, – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның сөзінше, былтыр бірнеше көшеде жаяу жүргіншілерге арналған проекциялық өткелдерін орнатқан болатын.
– Маяковский, Астана, Сәтбаев көшелерінде проекциялық жаяу жүргіншілер жолағы орнатылды. Асфальт жабынын қар жауып, жауын-шашын түскенде жарықтандыру арқылы жолақтарды көруге болады. Жүргізушілер алыстан көру үшін өте ыңғайлы, – деді спикер.
Айта кететін жайт, былтырғы жылдан бері проекциялық жаяу жүргіншілер өткелін орнатқан учаскелерде бірде-бір ЖКО тіркелмеді. Полицейлер осындай өткелдерді орнатуды жалғастырғысы келеді.