Павлодарда жақында көшелердің бірі Рамазан Тоқтаровтың есімімен аталады

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушының 90 жылдық мерейтойына арналған «Ертіс перзенті» атты әдеби-танымдық конференциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылған шараға Рамазан Тоқтаровтың қарындасы мен күйеу баласы Алматыдан арнайы келді. Сондай-ақ, жазушының басқа да туған-туыстары, қаламгердің шығармашылығын зерттеушілер және жергілікті әдебиеттанушылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Рамазан Тоқтаров 1935 жылы 13 қыркүйекте Павлодар қаласында дүниеге келген. Абай атындағы №10 гимназияда білім алғаннан кейін Алматыдағы шет тілдер институтының француз тілі факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде бастаған.
Ол – қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған жазушылардың бірі. Атап айтқанда «Ертіс мұхитқа құяды», «Бақыт», «Абайдың жұмбағы» «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Бақытты құлдықтың ақыры» атты және т.б. романдары бар. «Абайдың жұмбағы» романы үшін мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Рамазан Тоқтаров – М. Әуезовтен соң Абай тақырыбында роман жазған бірден-бір қаламгер.
– Ағам Абай мектебінде оқыды. Адамдармен қарым-қатынасы ерекше болды. Сондықан жұмбақ қылып «Абайдың жұмбағы» романын жазды. Бірақ кейде сол жұмбақты шеше алды ма әлде шеше алмады ма деген ойлар келеді. Өмірден оқыс озып кетті. Жазбағаны көп шығар, жұмбағы шешілмей қалды-ау, ойы да бітпей қалған шығар деп ойлаймын, – дейді қаламгердің қарындасы Жаңыл Тоқтарова.
Конференцияда бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне, әсіресе, проза жанрының дамуына арнаған жазушы Рамазан Айыпұлының шығармашылығына түрлі тақырыптағы баяндамалар оқылды. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Рамазан Тоқтаровтың жеке заттары мен кітаптарынан арнайы көрме-экспозициясын дайындап, көпшіліктің назарына ұсынды.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы мәдениет басқармасының басшысы Медет Тауасқан кеш барысында жағымды жаңалық – Павлодар қаласында жақында көшелердің бірі Рамазан Тоқтаровтың есімімен аталатынын атап өтті.