Павлодарда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінің қорытындысы шықты

Павлодарда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінің қорытындысы шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл 25 мыңнан астам декларант табысы туралы декларацияны тапсырмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қыркүйек күні активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00-нысан және кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) табыс етудің мерзімі аяқталды.

Биылғы жылы Павлодар облысында 180 мыңнан астам жеке тұлға – мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың ерлі-зайыптылары кірістері туралы декларация тапсыруға міндетті болды. Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 3-кезеңнің 11 мыңнан астам қатысушысы және алғашқы екі кезеңде 14 мыңнан астам декларант табысы туралы декларацияны ұсынбаған.

Декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаған алғашқы үш кезеңнің қатысушыларына Салық кодексінің 114-бабына сәйкес 30 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс хабарламалар берілді.

Салық міндеттемелері белгіленген мерзімдерде орындалмаған жағдайда банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап барлық кәмелетке толған павлодарлықтар табыс салығы декларациясын тапсыруы тиіс.