Павлодарда жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасы жемісін беруде

Павлодарда жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасы жемісін беруде
Фото: pixabay.com/Schluesseldienst

Жоба облыста маңызды жұмыскерлердің басқа өңірлерге кетуін тежеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс жастары» бағдарламасы бойынша үйлі болған жанұялар қатарында екі бүлдіршіні бар Шарапхан әулеті де бар. Жаслан Шарапхан 31 жаста, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы және методист болып жұмыс жасайды. Отбасы отағасының сөзінше, олар бағдарлама туралы Instagram әлеуметтік желісі арқылы естіген.

– Жоба шарттарымен танысып шықтым да, бірден қатысуға шешім қабылдадым. Құжаттарды бірнеше күннің ішінде жинастырып, қабылдау комиссиясына тапсырдым, – деді Жаслан Шарапхан.

Бір ай бойы қатысушылардың ұпайлары арнайы критерийлер бойынша есептелді. Атап айтқанда: қатысушының және отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда жеке тұрғын үйінің болмауы, таңдалған қызметінде кемінде бір жыл жұмыс өтілі және ең бастысы қалада кемінде соңғы екі жыл тұрақты үзіліссіз тіркелуінің болуы.

– Тексеріс жұмыстары аяқталған соң, менімен байланысып, ұпайлар бойынша жобадан өткенімді хабарлады. Қуанышымызда шек болған жоқ. Бірден үйлер қарай бастадық, – деп пайымдады жоба қатысушысы.

Жас отбасының сөзінше, бағдарлама  отау құрған әулеттерге жақсы мүмкіндік. Бұл қаржы жағынан тиімді. Бастапқы жарнасы төмен және ай сайынғы төлем пайызбен кішкентай.

– Қайталама нарықтан Павлодарда үш бөлмелі пәтер сатып алдық. Несиенің жоғары сомасы 18 миллион болғандықтан, қалған қаражатты қолма-қол ақшамен төледік. Егер сіздер қымбат пәтер сатып алғыларыңыз келсе, қалған соманы өздеріңіз төлесеңіздер болады, – деді ол.

Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала және журналист мамандары қатыса алады.

Еске сала кетейік, 2023 жылдан бастап өңірде «Ертіс жастары» бағдарламасы жұмыс істейді. Бірнеше жыл ішінде ондаған жас отбасы үйлі болды.