Павлодарда жас Сәтбаевшылар жарысты
Аталмыш олимпиада география пәні бойынша өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы мен «География үйі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Жас Сәтбаевшылар» атты І қалалық олимпиада ұйымдастырылды.
Іріктеу кезеңіне Павлодар қаласының 31 мектебінен 7-8-сыныптың 69 оқушысы қатысты. Олимпиаданың ережесіне сәйкес ең жоғары ұпай жинаған оқушы олимпиаданың қорытынды практикалық турына жолдама алды. Қорытынды кезеңге қаланың 17 мектебінен 23 оқушы қатысты.
Олимпиада барысында оқушылар география және геология пәні бойынша лекция тыңдап, тест жазды. Сонымен қатар қатысушылар «Заманауи картографиядағы ГАЖ технологиясы» тақырыбы бойынша ақпараттық мәлімет алды. Оқушылар «Kahoot» ойынның тапсырмаларын шешу арқылы ГАЖ технологиясы жайлы білімдерін толықтырды.
– Олимпиаданың мақсаты-географиялық білім деңгейін арттыру. Оқушылардың ғылыми-зерттеу іс-әрекетін дамытуға баса назар аудара отырып, табиғи және қоғамдық географиямен айналысатын неғұрлым дайын және талантты оқушыларды іздеу және қолдау, - дейді «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының басшысы Ақмарал Люлятовна.
Екі турдың қорытындысы бойынша А. Байтұрсынов атындағы мектептің 7- сынып оқушысы Әділхан Байғожаев пен М. Жүсіп атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Томирис Ибраева олимпиаданың үздіктері атанды.