Павлодарда жас волейболшыға қол көтерген жаттықтырушы жазаланды

Павлодарда жас волейболшыға қол көтерген жаттықтырушы жазаланды
Фото: pexels.com / Oleksandr Plakhota

Шымкенттік маман екі жылға жарыстардан шеттетіліп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының мәліметінше, 26 қазанда Павлодарда жеке клубтар арасында өткен Қазақстан біріншілігінде Шымкент қаласы волейбол академиясының жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков өз командасының кәмелетке толмаған ойыншысына күш қолданған. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.

Федерацияның тәртіптік комитеті жаттықтырушыны екі жылға шеттету туралы шешім қабылдады. Осы мерзімде оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға, сондай-ақ федерация аясындағы жарыстарға кез келген мәртебеде қатысуға тыйым салынды.

Турнирді MYQTYLARORTASY жеке волейбол лигасы ұйымдастырған. Бұл ұйым Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының құрылымына кірмейді. Жарыстың өткізілуін тиісті деңгейде қадағаламағаны үшін ұйымдастырушыларға сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Шымкент волейбол академиясы да сөгіс алды.

Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірімге күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

– Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Жаттықтырушының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады ведомство.

Федерация зардап шеккен спортшы мен оның отбасына қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен өңірлік федерация өкілдеріне спорттық этика, зорлық-зомбылықтың алдын алу және спортшылардың құқықтарын қорғау бойынша міндетті семинарлар өткізу жоспарланған.