Павлодарда «Жасыл ел» маусымының салтанатты жабылуы өтті

Павлодарда «Жасыл ел» маусымының салтанатты жабылуы өтті
Фото: Константин Шелков

Бұл – он сегізінші маусым, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Жасыл ел» басшылығы еңбек маусымы барысында барлық акциялар мен жұмыстарға белсенді қатысып, жақсы  нәтижелер көрсеткен жастарды атап өтті.

– 18 жыл уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды. Менің ойымша, жасылелдіктер болашақта көшбасшы болып, жақындарын табиғатты, тазалықты, жалпы бейбітшілікті сүюге үйретеді, –деп атап өтті Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов құттықтау сөзінде. – Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Өз атымнан және облыстық басшылықтың атынан еліміздің және өңіріміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз.

«Жасыл ел» қалалық штабының командирі Арина Краскованың айтуынша, биылғы жылы көптеген экологиялық акциялар, сенбіліктер өтті. Павлодарда алғаш рет заттармен және кітаптармен алмасу бойынша дармарка ұйымдастырылды.

– Шараның қорытындысы бойынша 15 адам «Үздік жауынгер», «Үздік командир», «Үздік ерікті», «Үздік жасақ», «Үздік штаб» және «Үздік онлайн-штаб» номинациялары бойынша дипломдар мен ақшалай сертификаттар алды, – деп хабарлады спикер.

«Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар отрядтарының Павлодар штабы» ҚҚ директоры Русана Самекова жазғы маусым жабылғанымен, қыста еріктілердің жұмысы жалғасатынын атап өтті. «Жасыл ел» сарбаздары мұқтаж жандардың барлығына көмек көрсетіп, әсіресе қарт адамдарға ерекше назар аударылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы маусымда Павлодар «Жасыл ел» жасағына 2100 адам қатысты. Оның ішінде жаңадан келгендер мен командир болған ардагерлер де бар.