Павлодарда жастарды энергетика саласына тарту жұмысы жалғасуда
Тәжірибелі мамандар жас қызметкерлерге тәлімгерлік етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы жылу-электр орталықтарында жас мамандарды даярлау мен кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары салада көп жыл еңбек еткен қызметкерлердің зейнетке шығуы буындар сабақтастығын үзбеуге әсер еткен. Осыған байланысты кәсіпорында оқыту мен кәсіби дамытудың жаңартылған жүйесі енгізілген.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемельдің айтуынша, энергетикада білікті басшыны қалыптастыру ұзақ уақытты қажет етеді.
– Шамамен бес жыл керек, оған тағы бес жыл қосыңыз – сонда ғана өзіне сенімді станция жетекшісі қалыптасады. Мен өзім осы жерде жеті жыл еңбек етіп келемін, – деді ол.
Компанияда қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге арналған үш жылдық бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның аясында жұмыс нәтижелері жүйелі түрде бағаланып, жарты жыл сайын қорытынды жасалады. Әр маман өз қызметін саралап, қандай бағытта дамуы қажет екенін өзі айқындауы тиіс.
– Қызметкер өзі келіп, атқарған жұмысын, кездескен қиындықтарын баяндауы керек. Қай тұста дамуы қажет екенін өзі түсінуі тиіс. Біз ынта, көшбасшылық, уақытты басқару сияқты дағдыларды да жетілдіреміз, – деді компания басшысы.

Өндірістік нысандарда тәртіп пен қауіпсіздік мәдениетіне ерекше мән беріледі. Басшылық мұны қауіпсіз жұмыстың негізгі кепілі деп санайды.
– Энергетика – жартылай әскери тәртіпті талап ететін сала. Мұнда бу да, электр де бар. Бір қателік тек жабдыққа емес, адам өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, темірдей тәртіп аса маңызды, – деді Олег Щемель.
Соңғы жылдары кәсіпорын жұмыскерлерінің еңбекақысы 80 пайызға өсті. Бұрын табыс деңгейі төмен болғанын айтқан бас директор алдымен жалақыны көтеріп, содан кейін кәсіби талаптарды күшейту тәсілі таңдалғанын атап өтті. Нәтижесінде арнайы дайындық сабақтары, төтенше жағдайларға қарсы жаттығулар мен оқыту курстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл процесс жыл бойы жалғасады.

Олег Щемель қазіргі кезеңдегі басты міндеттердің бірі – тәжірибелі мамандардың білімін жас буынға жеткізу екенін ерекше атап өтті.
– Осыдан үш жыл бұрын күрделі жағдай болды. Тәжірибелі қызметкерлер кетіп, олардың орнын басқандарда жеткілікті тәжірибе болмады. Яғни, буындар байланысы үзілді. Қазір біздің мақсат – осы сабақтастықты қайта қалпына келтіру, – деді ол.
Басшылықтың пікірінше, энергетиканың тұрақты дамуы тәжірибе мен білімнің үздіксіз берілуіне тікелей байланысты.