Павлодарда жедел жәрдемнің жолын бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды

Павлодарда жедел жәрдемнің жолын бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды
ЖИ иллюстрациясы

Жыл басынан бері өңірде 1500-ден астам жүргізуші көлік қою қағидасын бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысының полицейлері көлік құралдарын тұраққа қою қағидаларын бұзу деректерін анықтауға бағытталған рейдтік және профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. 

Мәселен, Metro сауда үйінің ауласында Hyundai маркалы автокөлік басқа көліктердің кіріп-шығуына кедергі келтіріп, жолды жауып тұрған. Тағы бір жағдайда жүргізуші әйел Mercedes автокөлігін Шөкин көшесінде басқа көліктердің жүруіне айтарлықтай бөгет болатындай етіп қойған. Сондай-ақ, «102» жедел арнасына хабарласқан тұрғын Набережная көшесіндегі ауланың дәл ортасына ВАЗ-2106 көлігін қойған жүргізуші жедел жәрдем көлігінің өтуіне мүмкіндік бермегенін хабарлаған.

– Осындай жауапсыз жүргізушілердің кесірінен жедел жәрдем көлігі үйге жете алмай, медицина қызметкерлері жаяу баруға мәжбүр болды. Анамның жағдайы ауыр еді, біз үшін әрбір минут қымбат болатын, – дейді тұрғын.

Аталған құқық бұзушылықтардың барлығы бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жыл басынан бері, 2026 жылдың осы кезеңінде, тұраққа қою қағидаларын бұзған 1694 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Полиция жүргізушілерге көлікті тұраққа қойған кезде тоқтауға немесе тұраққа қоюға тыйым салатын жол белгілері мен жол таңбаларына, сондай-ақ ақылы және тегін автотұрақтардың шекараларына ерекше назар аударуға кеңес береді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тұрақ орындарын заңды негізсіз иеленуге болмайтынын еске салды. Полиция ведомоствосында бұл талаптарды сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін тағы бір мәрте ескертті.