Ертіс ауданында медбикені балағаттаған тұрғын қамауға алынды
Ер адам ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындар учаскелік полиция қызметкеріне ауыл көшелерінің бірінде жүрген мас адам туралы хабарлаған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ауыл тұрғынын медициналық куәландыруға алып барған.
– Аудандық емханада медициналық куәландыру жүргізу кезінде ауыл тұрғыны балағат сөздер айтып, қабылдау бөлмесінің медбикесіне наразылығын білдірді, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.
Материал сотта қаралып, сот қаулысымен бұзушыға бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түрінде жаза қолданылды. Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін ер адамға бес АЕК айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 310 қылмыскер жазаланды, оның үшеуі – Ертіс ауданының тұрғындары.