Павлодарда жыл сайын ондаған сәбиден көз ауруы анықталады
Дер кезінде емдеу соқырлықтың алдын алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жыл басынан бері шала туған 21 нәрестеге ретинопатияға байланысты ота жасалды. Бұл дерт уақытында анықталып, емделмесе, баланың көру қабілетінен толық айырылуына әкелуі мүмкін.
Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмологиялық орталығының дәрігер-офтальмологі, №1 перинаталдық орталықта қосымша қызмет атқаратын Сәуле Ғабдулғазизованың айтуынша, ретинопатия – мерзімінен бұрын туған балалардың көз торқабығын зақымдайтын күрделі аурулардың бірі. Ол көбіне жүктіліктің ерте кезеңінде, салмағы аз болып дүниеге келген сәбилерде кездеседі.
Маманның сөзінше, патология дер кезінде анықталып, тиісті көмек көрсетілмесе, баланың соқыр болып қалу қаупі бар. Сондықтан мерзімінен бұрын туған нәрестелердің барлығы міндетті түрде офтальмологиялық скринингтен өтеді. Тексеру әр сәбидің дүниеге келген мерзімі мен салмағына қарай белгіленген уақыт аралығында жүргізіледі.
– Жыл сайын шамамен 300-400 шала туған баланы тексереміз. Олардың арасынан жылына 60-70 балада ретинопатия анықталады. Дертті ерте кезеңде байқасақ, кішкентайды тұрақты бақылауға аламыз. Ал биыл жыл басынан бері 21 балаға операция жасалды. Емнің нәтижесінде ауру кері дамып, бала қоршаған ортаны толыққанды көре алады, – дейді Сәуле Ғабдулғазизова.
Дәрігердің түсіндіруінше, ретинопатия бірнеше сатыға бөлінеді. Алғашқы үш кезеңде хирургиялық араласу қажет болмайды, баланың жағдайы тұрақты қадағаланады. Операция ауру белгілі бір деңгейге жеткенде ғана тағайындалады.
Қазіргі уақытта емдеудің негізгі тәсілдерінің бірі – көз торқабығына лазерлік коагуляция жасау. Бұдан бөлек, орталықта салыстырмалы түрде жаңа әдіс – ангиогенез тежегіштерін көздің шыны тәрізді денесіне енгізу де қолданылады.
Маман ретинопатияның алдын алатын арнайы әдіс жоқ екенін атап өтті. Сондықтан басты міндет – патологияны уақытында анықтап, қажетті емді кешіктірмеу. Әсіресе, салмағы бір келіге жуық немесе одан төмен, жүктіліктің 35 аптасына жетпей туған сәбилер ерекше бақылауды қажет етеді.
Осыған байланысты мерзімінен бұрын дүниеге келген барлық нәрестеге міндетті скрининг жүргізіледі. Алайда бұл олардың барлығында ретинопатия міндетті түрде дамиды дегенді білдірмейді.