Павлодарда жол жөндеу маусымы аяқталды
2025 жылы облыс әкімінің қолдауымен қала көшелерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков орташа жөндеу аясында жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын 15 магистральдік көше жаңартылғанын атап өтті. Бұл Шевченко, Сұрағанов, М. Жүсіп, Павлов, Олжабай батыр, Геринг, Қамзин, Елгин, Аймауытов, Ермаков, Гагарин, Абай, Малайсары батыр көшелері және Н.Назарбаев даңғылы.
– Алғаш рет берік әрі ұзақ мерзімді, ауыр жүктемелер мен температура ауытқуларына төзімді қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қолданылды, – деді шаһар басшысы.
Тоғыз шақырымнан астам топырақ жолдарға асфальт төселді. 100 аула, 13 мектеп пен бес медициналық ұйымның аумағы абаттандырылды. 20 шақырым жаңа тротуар салынды.