Павлодарда Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын саясиландырмау сөз болды
Өңір басшысы Асайын Байханов қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен облыстың еңбек сіңірген азаматтарымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өз сөзінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов елдегі этносаралық келісімнің маңыздылығына ерекше тоқталды. Әкімнің айтуынша, бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбегі зор.
- Сіздер еңбектеріңізбен, қоғамдық жұмыстарыңызбен әрбіреуіңіз елдің дамуына, елдегі тыныштық пен достыққа зор үлес қосып жатырсыздар. Осы орайда сіздерге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер, - деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы алдағы ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау туралы ескертті. Оның пікірінше, Ассамблеяны саясиландыру және Достық үйін саяси партиялардың филиалына айналдыруға жол бермеу керек.
- 19 наурызда өтетін сайлау – соңғы сайлау емес. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттарға зор жауапкершілік жүктейді. Меніңше, өңір тұрғындары бұл маңызды оқиғаға атсалысып, қолдау көрсетеді. Осы кезде этносаралық және дінаралық келісімді нығайту керек, - деді Асайын Байханов.
Өз кезегінде, орыс, славян, казак бірлестіктерінің төрағасы Владимир Берковский этномәдени бірлестіктер басшыларының жеке жауапкершілігіне тоқталды.
- Бізге бейбітшілік керек, - деді спикер. – Онсыз реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Осы орайда Ассамблеяға жүктелетін жауапкершілік зор. Біз бірлік, ынтымақ пен келісімнің маңыздылығын жеткізе білуіміз керек.
Кездесу кезінде өзге де баяндамалар тыңдалды. Спикерлер елдегі реформаларға қолдау айтты. Әрбіреуі Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығына тоқталды.
Фото: автор