Павлодарда қылмыстық топтың жолы кесілді

Павлодарда қылмыстық топтың жолы кесілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жастар әлеуметтік желі арқылы адамдарды алдап жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен Павлодар қаласы аумағында 1 маусымнан 10 шілдеге дейін «Тик-Ток» әлеуметтік желісінде «Oncharge» дүкені атынан жарнама жариялап келген қылмыстық топ анықталды.

– Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топтың ұйымдастырушылары анықталды: Павлодар қаласының 17 және 19 жастағы үш тұрғыны, олар өз қызметі аясында ұялы телефондарды сату туралы хат алмасулар жүргізген. Сондай-ақ, алданған азаматтардың ақшалай қаражаты аударылған дропперлер де анықталды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.

Қазіргі уақытта аталмыш топтың әрекетінен зардап шеккен әртүрлі облыстардың 18 жәбірленушісі белгілі болды. Ұсталғандар қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша тергелуде. Оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде келу міндеттемесі таңдалды.