Павлодарда үшінші тәулік қатарынан адамдар жоғалуда

Павлодарда  үшінші тәулік қатарынан адамдар жоғалуда
inpearls.ru

Соңғы үш күнде бағдарын білмейтін төрт адам жоғалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

- Мұндай жағдайлардың немен байланысты екенін білмейміз. Бәлкім, кездейсоқтық болуы немесе жағдайының ушығуы мүмкін. Себебі бұл адамдар белгілі бір дертке шалдыққан, кейбіреулері  облыстық психикалық неврологиялық диспансердің есебінде тіркелген. Мекенжайы мен аты-жөні есінде болмайды, - дейді Vita еріктілері.

Vita еріктілері неше күннен бері хабарсыз кеткен  адамдарды іздеуде. Бүгін адасқан әрі бағдарын білмейтін екі адамды іздестіру бойынша өтініш түскен. 

- Олардың біреуін полиция қызметкерлерімен бірге іздедік. Екіншісі туыстары полицияға арыз жазуға барғанда табылды. Қаладағы медициналық мекемелердің бірінде болған. Өкінішке орай, 28 ақпанда жоғалып кеткен  Батырбек  Шайхеслямов  туралы осы уақытқа дейін ақпарат жоқ, - дейді іздеушілер. 

Еріктілер тұрғындарға жақындары мен туыстарына қамқор болуға, қажет болған жағдайда олардың қалталарына әрқашан туыстарының аты-жөні, мекенжайы және телефоны жазылған деректер  салып жіберуге кеңес береді.