Павлодарда ұрланған жиырмадан астам смартфон иелеріне қайтарылды
Полиция үш айда тіркелген ұрлықтардың басым бөлігін ашып, тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері 27 смартфон ұрлығы тіркелген. Жедел шаралар нәтижесінде ұрланған 22 ұялы телефон заңды иелеріне қайтарылды.
Полиция деректеріне сәйкес, мұндай қылмыстар көбіне тұрғындардың салғырттығынан орын алады.
– Азаматтар гаджеттерін қараусыз қалдырып, оңай қолжетімді жерлерде сақтайды. Мәселен, Павлодардағы сауда үйлерінің бірінде белгісіз адам дүңгіршек сөресінен Samsung смартфонын ұрлап кеткен. Тағы бір жағдайда Желтоқсан көшесіндегі пәтерден iPhone жоғалған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер анықталып, ұсталды. Қылмыстық істер сотқа жолданды, – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарға мүліктің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды ескертеді. Күмәнді орындардан немесе бейтаныс адамдардан телефон сатып алмау, қоғамдық орындарда сақ болу және техниканы қараусыз қалдырмау ұсынылады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қылмыстың алдын алу оны ашқаннан әлдеқайда жеңіл екенін, ал мүліктің сақталуы ең алдымен оның иесіне байланысты екенін атап өтті.