Павлодарда өзге ұлт өкілдері арасында жігіт сұлтаны анықталды
Павлодардағы Достық үйінің 15 жылдығына орай «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқау мемлекеттік тілді меңгерген түрлі этностардың жастарын қолдауға және ынталандыруға, қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жарыста неміс, беларусь, татар-башқұр, грек, әзербайжан ұлттық бірлестіктерінен 6 жігіт сынға түсті.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды: өзін-өзі таныстыру, «Шығармашылық байқау» (вокал, би және т.б. жанрлар), «сұрақ-жауап» (білімдерін сынау) және «Дені саудың жаны сау» (спорттық жарыстар).
Достық үйінің басшысы Нұрия Кубенова байқауға Ассамблея жастарының белсенді мүшелері қатысып отырғанын атап өтті.
- Биыл Достық үйінің 15 жылдығына орай 15 ақпаннан бастап, ай сайын түрлі жобалар, акциялар өткізудеміз. Шаралар әр айдың 15-інде өтіп тұрады. Бұл Жігіт сұлтаны байқауы бізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр, - деді Нұрия Кубенова.
Жарыс қорытындысы бойынша 16 келілік кір тасын 44 рет көтеріп, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ерекше өнерлерімен көрермендерін тамсандырған азербайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Элвин Магаррамов «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауының жеңімпазы атанды.
Байқауда «Өнерлі жігіт» номинациясына ие болған грек этномәдени бірлестігінің өкілі Дмитрий Бабулиди өз авторлық әнін орындады.
- Мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте 10-сыныпта оқып жатырмын. Бүгін екі ән орындадым. Бірі «Алға Қазақстан» әні болса, екіншісі отбасылық тақырыптағы өзімнің авторлық әнім, - деді Дмитрий Бабулиди.
Сондай-ақ Данил Дзюба «Парасатты жігіт», Евгений Тристан «Сегіз қырлы, бір сырлы», Эльдар Захаров «Алғыр жігіт», Нұрғали Альмуханов «Көрермен көзайымы» атанып, барлық қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Фото: Есенжол Исабек және Достық үйі