Павлодар облысының ауылында бір ғана түлекке арнап соңғы қоңырау соғылды
Ерекше мектеппен қоштасу Екібастұз қаласының Төртқұдық ауылында болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін Төребаевтар әулетінде көңіл толқытар сәт. Әулеттің кенжесі Данияз мектеппен қоштасты.
Евразия арнасының мәлімдеуінше, Төртқұдық ауылында биылғы оқу жылын жалғыз түлек тәмамдайды.
- Сыныпта жалғыз оқушы болу, әрине қиын. Үй тапсырмасын орындап келу міндетті. Себепсіз сабақты да босатпайсың. Тіпті, сабақтан қашып кету де мүмкін емес, - дейді түлек.
Әрі оның сынып жетекшісі өзінің туған ағасы. Түлек мамандық таңдауда көп ойланған. Ақырында ол да аға-әпкесінің жолын қуып, ұстаздық жолды таңдапты.
- Мен Павлодардағы Margulan университетіне түсуді жоспарлап отырмын. Сол жақта дзюдомен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер атағын алсам деймін. Сөйтіп, денешынықтыру пәнінің мұғалімі болғым келеді, - деді ол.
Данияз қанат қағып ұшқан мектепте барлығы 26 бала білім алады. Бүгінгі айтулы күнде барлық оқушы Данияздың құрметіне соғылатын соңғы қоңырауды тойлады.
Айта кетелік, биылғы оқу жылында бірінші сыныптың табалдырығын 10 оқушы аттамақ. Оның алтауы орыс сыныбына барса, төртеуі мемлекеттік тілде білім алады.
Мектеп директоры Сәуле Смакаеваның айтуынша, бұл білім ордасы үшін тарихи сәт болмақ.
- Біздің мектептен түлеп ұшқан жастар ауылға қайта оралады. Бүгінгі таңда мектепте 12 ұстаз бар болса, оның 10-ы біздің мектептің түлектері. Өткен жылы біз екі жас маманды шақырдық. Олар болашақта ауылда қалмақ, - деді директор.
Жас түлектің ата- анасы перзенттерін адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейтінін тілге тиек етті. Бастысы балаларының барлығы мектепті жақсы оқып, ұстаздық жолды таңдап, бүгінде ата- ананың ақ сенімін ақтап отыр. Ал Данияздың алдында ең үлкен сынақ - ҰБТ тұр.
Айта кетелік, Екібастұз қаласына қарасты, Төртқұдық ауылдық округі 2012 жылы құрылған.