Павлодардағы зейнеткерлер тегін жүзуге жазыла алады

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жазылу арқылы түрлі үйірмелерге бара алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2021 жылдан бастап Павлодар қаласында зейнет жастағы азаматтарға арналған ерекше әлеуметтік жоба – «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмыс істеп келеді. Бұл орталықтың басты мақсаты қарттарға бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулығын нығайтуға, жаңа білім алуға және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік беру.
– Орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Фитнес, йога, хореография, жеңіл атлетика, скандинавиялық жүріс, теннис және жүзу секілді түрлі жаттығулар ұйымдастырылады. Қаладағы бассейндермен келісім жасалып, зейнеткерлер суда да жаттығу мүмкіндігіне ие болды, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Марат Қожахметов.
Қарияларға ағылшын, қазақ тілдерін, компьютерлік сауаттылыққа үйрететін курстар бар. Сондай-ақ әдебиет сабағы ұйымдастырылып, қарттардың ой-өрісін кеңейтуге ықпал етуде. Мұнда қариялар бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізіп, бір-бірімен араласады.
Қазіргі таңда орталыққа 831 адам барып жүр.
– Облыста қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін 13 үйде қызмет көрсету орталығы, алты қарттар мен мүгедектерге арналған интернат, екі ардагерлер үйі, сондай-ақ «Черноярская жемчужина» оңалту орталығы бар. Үйде күтім жасау қызметімен 2 710 қарт қамтылған. Екі қарттар үйінде 495 қария тұрақты тұрады. «Ардагерлер үйінде» жыл сайын 1,5 мыңға жуық адам, оның ішінде 800-ден астам қарт оңалту қызметін алады. «Черноярская жемчужина» орталығының қызметін жыл сайын 1 920-ға жуық қария пайдаланады, – деді Марат Қожахметов.
Орталықтың қызметін Павлодар қаласының кез келген зейнеткері ала алады. Ол үшін тек орталыққа келіп тіркелу жеткілікті. Қосымша ақпарат алу үшін орталықтың байланыс телефоны: 22-09-90.