Павлодардың 103 қызметі медицинадағы цифрландыру бойынша үздік атанды
Биыл байқау Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 10 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы «Медицинадағы цифрландыру және тиімді басқару» номинациясында еліміздегі үздік медициналық ұйым деп танылды.
Марапат «Медициналық көмектің флагманы» байқауының қорытындысы бойынша табысталды. Биыл байқау Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 10 жылдығына арналды. Оған еліміздің медициналық ұйымдарының басым бөлігімен қатар, Павлодар облысынан 66 өкіл қатысты.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бұған дейін де бірнеше мәрте «Медициналық көмектің флагманы» байқауының лауреаты атанған. Биыл ӘМСҚ негізгі номинациялармен қатар бес қосымша аталым белгілеп, олардың бірінде Павлодардың 103 қызметі жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсімінде арнайы мүсінше, диплом және сыйлық сертификаты табысталды. Жүлдені ӘМСҚ өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушы Әсел Окапова табыстады.
Жедел жәрдем станциясының ұжымы атынан марапатты басшының орынбасары Ирина Мищенко қабылдады.
— Медицина қызметкерлерінің еңбегі қоғам үшін аса маңызды. Ақ халатты жандардың күн сайын атқарып жүрген жұмысы әрдайым лайықты бағалана беретініне сенеміз, — деді Ирина Мищенко.
Бұл марапат Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының медициналық көмекті ұйымдастыруда заманауи цифрлық шешімдерді тиімді пайдаланып, басқару сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.