Павлодардың «Арманы» жағажай футболында кезекті рекорд орнатты

Павлодардың «Арманы» жағажай футболында кезекті рекорд орнатты
Фото: Instagram / @_sport_pavlodar_

Көкшетауда жағажай футболынан Қазақстанның 2026 жылғы чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көкшетауда өткен жарыстың қорытындысы бойынша Павлодардың «Арман» командасы ел чемпионы атанды. Осылайша павлодарлық клуб Қазақстан чемпионатындағы 17-ші жеңісіне қол жеткізді. Өткен жылы «Арман» 16-шы чемпиондық атағын жеңіп алған болатын. 

Биылғы біріншілікке алты команда қатысты: «Арман», «Арман 1», Тараздың «Омегасы», «Малайсары», «Көкшетау» және Шарбақтының ТК B&A ұжымы. Чемпионаттың алғашқы кезеңі шілдеде Павлодарда өтіп, шешуші кезең Көкшетаудағы Қопа көлінің жағалауында ұйымдастырылды. 

Маусым қорытындысында екінші орынды Тараздың «Омегасы» иеленсе, үшінші орын тағы бір павлодарлық команда — «Арман 1»-ге бұйырды. Кубокты команданың көпжылғы көсемі Дмитрий Перевертов көтерді. Чемпионаттың жеке номинацияларында да «Арман» ойыншылары көзге түсті. Тимур Ершин үздік қорғаушы атанса, Даниель Кошкарев үздік жас ойыншы деп танылды. Ал Баянбек Мұралинов турнирдің үздік ойыншысы атанды.

Павлодарлық «Арман» — қазақстандық жағажай футболындағы ең табысты клубы. Команда 2022 және 2023 жылдары да ел чемпионатында топ жарған. 2022 жылғы біріншілікте клуб 12 матчтың 11-інде жеңіске жетіп, чемпион атанған еді. 

Айта кетейік, 2026 жылғы маусымда «Арман» Қазақстан Суперкубогын «Малайсарыға» жол беріп алған. Жетісу облысының командасы екі матчтың қорытындысы бойынша 5:3 және 5:4 есебімен жеңіске жеткен.