Павлодардың солтүстік бөлігінде бір апта ыстық су болмайды
Жөндеу жұмыстарынан кейін құбырлар тексерілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар жылу желілері» баспасөз қызметінің мәліметінше, 5-11 тамыз аралығында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ 2-ЖЭО, 3-ЖЭО-дан қуат алатын жылу желілерінің беріктігі мен тығыздығына гидравликалық сынақтар жүргізіледі.
Осыған байланысты Қамзин – Малайсары батыр – Естай – Қабдеш Нұркин – Академик Марғұлан – Астана – Набережная – Олжабай батыр – Торайғыров – Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысындағы, Химгородок, Лесозавод, Северная промзона шағын аудандарындағы тұрғын үйлерде ыстық су болмайды.
Сынақтар жөндеуден кейін құбырлар мен жылу желілерінің жабдықтарындағы ақауларды анықтау мақсатында жүргізіледі.
– Сынақтар аяқталғаннан кейін анықталған зақымдарды ескере отырып, бір ай ішінде тұрғын үйлерге ыстық суды кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіледі. Ешқандай бұзылулар анықталмаған жылу желілерінен қуат алатын тұрғын үйлерде ыстық сумен жабдықтау қалпына келтіріледі. Ал ақаулар анықталған жағдайда, ыстық су жөндеуден кейін беріледі, – делінген хабарламада.
Ұйым қала тұрғындарынан жылу желілері өтетін жерлерде абай болуды сұрайды.
Барлық анықталған ескертулер мен бұзушылықтар бойынша +7(7182)57-07-51, +7(7182)62-34-55 және +7(7182)62-28-91 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.
Еске сала кетейік, ұқсас жұмыстар Павлодардың оңтүстік бөлігінде 4 тамызға дейін жүргізілуде. Осыған байланысты 29 ноября – Естай – Абай – Кривенко – Малайсары батыр – Қамзин көшелерінің қиылысындағы, Екінші Павлодар, Шығыс, Усолка, Дачный, Достық, Сарыарқа, Зеленстрой шағын аудандарындағы тұрғын үйлерде ыстық су болмайды. Қала басшысы коммуналдық қызметтерді жұмыстарды қысқа мерзімде, сапалы түрде жүргізуге міндеттеді.