Павлодарлық ғалым республикалық орталыққа басшы болып тағайындалды

Павлодарлық ғалым республикалық орталыққа басшы болып тағайындалды
Фото: Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Сейфулла Смайылов білім беру мазмұнын сараптау жөніндегі ғылыми-практикалық орталықты басқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қол қойған.

Сейфулла Смайылов еңбек жолын 1993 жылы география пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Әр жылдары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен Павлодар педагогикалық университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент және құрылымдық бөлімшелердің басшысы қызметтерін атқарған.

– Сейфулла Смайылов 2025 жылғы желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды, – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

2021-2022 жылдары ол Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Орта білім беру мазмұны институтында жетекші ғылыми қызметкер болды. Ал 2022-2025 жылдары аталған институтты басқарып, орта білім беру мазмұнын жетілдіру және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бағыттарына жетекшілік еткен.

Сейфулла Смайылов Омбы мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. География ғылымдарының кандидаты және PhD дәрежесінің иегері.

Ғалым 30-дан астам ғылыми еңбектің, алты оқу құралының, бір монография мен энциклопедиялық басылымның авторы. Оның ғылыми мақалалары халықаралық Web of Science деректер базасында жарияланған.