Павлодарлық қарияларға қайта студент атану мүмкіндігі берілді

Оқу курстары аясында зейнеткерлер тілдер меңгеріп, сандық сауаттылық бойынша білімдерін толықтырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінің қабырғасында зейнет жастағы адамдарға арналған «Күміс TOU» жобасы жаңа оқу жылын бастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама ғылым және жоғары білім министрлігінің «Күміс университет» оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру әдістемелік ұсынымдарының аясында жұмыс жасауда.
– Бұл екінші оқу жылы. Алғашқы жылды өз университетіміздегі зейнеткерлерге өткізіп көрдік, – деді Торайғыров университетінің баспасөз хатшысы Асқар Ғазизов.
Биыл сабақтарға алпыс қария қызығушылық білдірді. Қазір олар қазақ тілі, ағылшын тілі, домбыра сабақтары, волейбол және сандық сауаттылық бағыттары бойынша білім алады.
– Алдағы жылдары жоба өзінің жалғасын табады. Келер оқу маусымдарында өзге бағыттарды қамтитын сабақтарды ашу жоспарланып жатыр, – деді Асқар Ғазизов.
Ол мұндай бастама зейнет жасындағы адамдарға жаңа достар тауып, бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, өмірге деген құлшынысын арттыра түсетінін алға тартты. Сонымен қатар, көптеген қарт жандарға жаңа мүмкіндіктер есігін ашады.