Павлодарлық Ұлттық ұландықтар жоғалған телефонды иесіне қайтарды
Қырағылық пен жауапкершілік танытқан әскери жасаққа азамат алғыс хат жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Катаев көшесіндегі сауда үйінің маңында орын алған. Әскери жасақ құрамындағы қатардағы сарбаз Еркінбек Нұржол көлік тұрағын бақылау кезінде қар үстінде жатқан «Nokia» маркалы телефонды байқаған.
– Түнгі сағат он бірге жақын қаланы патрульдеу кезінде телефонының экраны шамдардың жарығынан шағылысып, көзге бірден түсті. Аязда ұзақ жатқандықтан қуаты таусылып қалған екен, – дейді Еркінбек Нұржол.
Ұландықтар табылған телефонды бірден «Оңтүстік» полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырған. Көп ұзамай, полиция бөліміне байланыс құрылғысының иесі хабарласып, жоғалған телефоны табылғанын білген.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, телефон иесі сарбаздардың қырағылығы мен адалдығына ризашылығын білдіріп, әскери бөлімге алғыс хат жолдаған.
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы