Павлодарлық әскери қызметшілер отбасы: Қайда барсақ та қайсарлана түстік
Ерлі-зайыпты Отан алдында әскери борышын адал да абыроймен атқаруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөлімінің клуб бастығы капитан Балжан Шахиева – қызметте үлгілі әріптес, жанұяда әзіз отана. Бес баланы бесігінде тербетіп, бойларына патриоттық рух дарыта білген офицердің жолдасы да аталмыш әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы подполковник Гамлет Хасанов.
Абай облысы Бесқарағай ауданына қарасты Башкөл ауылынан түлеп шыққан атпал азаматтың атасы Ұлы Отан соғысында өлшеусіз ерлік көрсете білген даңқты ардагер. Атасынан тағылым алған ол бала жасынан әскери қызметші болуды армандаған.
Қос әскери қызметшінің таныстығы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде орнайды. Ол кезде Гамлет Хасанов жас лейтенант болса, Балжан Шахиева кіші сержант шенінде қызмет атқарып жүрген.
– Бүгінде үш ұл, екі қыздың анасымын. Әскери қызметкерлер отбасы ретінде өмірдің барлық қызығы мен шыжығын бірге көріп келеміз. Бір жылдары Абай облысына қарасты Жарма ауданы Шуақ ауылында қызмет атқардық. Қыста үйі суық, тіпті жылуы тұрмақ, жарығы жоқ елдімекенді бөрі құрақтанып, барды қанағат тұттық. Ол кезде тұңғышымыз небары бір айда еді. Алайда, тағдырдың теперішіне сынбадық. Қайда барсақ та, қажымадық, керісінше қайсарлана түстік. Өйткені, әскери өмір бізді шыңдай, қайрай түсті. Міне, бүгінгі таңда Павлодар қаласында түндігінен түтіні түзу шыққан жанұяның біріне айналдық, – дейді дейді 5512 әскери бөлімінің клуб бастығы капитан Балжан Шахиева.
Отбасы әр баланың даму жолына іждағаттылық танытып, аса үлкен жауапкершілікпен қарайды.
– Біздің арамызда сыйластық пен махаббат қана патшалық құрды. Балаларымыз жан-жақты, елгезек, сұңғыла. Қызымыз Әйгерім домбырамен «құлақтан кіріп, бойды алар» күй орындаса, ұлымыз Ахмедияр футболист. Аяқ доппен кәсіби тұрғыда айналысады. Болашақта Қазақстанның көк туын алып ареналарда желбіретуді мақсат тұтады. Ал Айым атты қызымыз талшыбықтай мың бұралып, би билейді, – дейді Балжан Шахиева.
Болашаққа нық қадам басқан жарасымды жұптың алға қойған арманы – ата-аналарымен бір үлкен шаңырақта ғұмыр кешу. Сондай-ақ ұл мен қыздарын рухты, патриотты етіп өсіріп-жетілдіру.