Павлодарлықтар тарихи оқиғаның куәсі болды

Павлодарлықтар тарихи оқиғаның куәсі болды
Фото: Есенжол Исабек

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ресми түрде ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Астана-Аренада» өткен ауқымды театрландырылған шоу кезінде дала өркениетінің тамыры тым тереңде жатқандығы көрерменге жеткізілді. Мұндай ғажайып ашылу салтанаты көшпенділер ойындарында бұрын-соңды болмағаны анық. 85 елден келген спортшылар шеруі, концерттік бағдарлама мен құрметті қонақтар – бәрі-бәрі бұл оқиғаны «Көшпенділер Олимпиадасы» деуге тұрарлық деңгейге көтерді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, көшпенділер адамзат өркениетінің алға басуына елеулі үлес қосты: далалықтар дөңгелек ойлап тауып, металлургияны бастады. Жылқыны бірінші болып қолға үйреткен олар бұл жаңалықты тез арада Еуразия түкпір-түкпірлеріне таратты.

Көшпенділер өркениеті – дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге салтанатты кеште басқа да түркі тілдес елдер басшылары қатысты. Бір сөзбен, Астанада өткен дүбірлі дода Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, жалпы түркі мәдениетін мүлдем жоғары деңгейге көтерді.

– Өте керемет ашылу салтанаты болды. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Спортшыларымыз да Қазақстанның әлемдегі ерекше орнын дәлелдеп, бізді жеңістермен қуантады деп сенемін, – деді Ойындар елшісі, тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері, жоғары санаттағы жаттықтырушы Ренат Керейбаев.

Көрермендер арасында шетелдіктер де көп болды. Мысалы, АҚШ білім беру және мәдениет мәселелері жөніндегі өкілі Колин Гарден Ойындардың жоғары деңгейде өткізіліп жатқанын мойындады. Ол қазақ тілін үйрену арқылы көшпенділер мәдениетін басқа қырынан танығанын айтты. Америкалық мейман спортшыларға сәттілік тіледі.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын еліміздің «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Жібек жолы», «Silk Way», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетеді.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Ойындар тұжырымдамасы үш негізгі бағытта айналады: спорт, мәдениет және ғылым, барлығы 21 бәсекеге қабілетті спорт түрін қамтиды.