Павлодарлық өлкетанушы: Ақбалық хазірет ашаршылықты болжаған

Павлодарлық өлкетанушы: Ақбалық хазірет ашаршылықты болжаған
Фото: автор

Әулие – көрегендігімен, діни сауаттылығымен және халқына жасаған қызметімен ел жадында қалған тарихи тұлға, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлолар облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, өлкетанушы, Ақбалық хазіреттің шөбересі Қаныш Сабыров «Тарихтың ізімен» жобасы аясында жастарға Май ауданының Ақшиман ауылына ұйымдастырылған тур кезінде айтты. 

– Қазақ халқында «тал бесік пен жер бесік» деген ұғым бар. Бұл – өмір мен өлімнің, бастау мен тәмамның арақатынасын көрсететін терең мағыналы сөз. Ақбалық хазірет те сол рухани дүниенің көрінісі іспеттес.  Ақбалық хазірет – ерекше қасиет иесі, болашақты болжаған, алдағы зұлматты ұжымдастыру, ашаршылық пен соғыс жылдарын алдын ала айтқан киелі жан, – дейді Қаныш Сабыров.

Оның айтуынша, баба – өмірінен қалған әрбір естелік қазақ тарихының алтын парағы. Хазірет 1918 жылы қайтыс болатынын біліп, өз туыстарын шақырып, зират орнын дайындап, дұғасын оқытып, дүниеден озған. Оның айналасында жатқан адамдардың көпшілігі – ағайын-туыстары, жақын жандары. Көбі хазіреттің жанына жерленуді армандайтын болған.

Ақбалық хазірет Мекке-Мәдинаға барып, Құнанбай қажымен жақын танысып, екеуі үш ай бірге болған. Тіпті, Құнанбай қажыға қаржылай көмек көрсетіп, қонақжайлығын танытқан. Бұл достық – екі тұлғаның ұлт пен иман жолындағы ортақ мұраттарын көрсетеді.

Ақбалық Хазіреттің өзі тарихтың тірі куәгері ғана емес, сонымен бірге елдің рухани көшбасшысы.

— Ақбалық хазірет Абаймен пікірталаста жеңіп, ертеңінде жұма намазын мыңдаған адамның қатысуымен өзі өткізіп берген. Бұл – оның білімі мен беделінің дәлелі, – дейді Қаныш Сабыров.

Тағы бір ерекше жайт – Шәкәрім Құдайбердіұлы хазіретке арнайы сәлем бере келіп, бірнеше күн қонақта болып кеткен. Ақбалық хазірет оларға аттар сыйлап, жолға шығарып салған. Бұл — хазіреттің жомарттығы мен құрметі қандай деңгейде болғанын айқындайды.

Ақбалық хазірет – Павлодар ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін асыл мұра қалдырған тарихи тұлға. Оның өмір – жолы, рухани қызметі ұрпаққа үлгі, елге өсиет. Бүгінде ұрпақтары оның кесенесін жаңғыртып, тарихын тірілтіп, халықпен қайта қауыштырып отыр. Бұл – ұлттың өз тамырына деген құрметінің белгісі. 

Әмина Жеңіс