Павлодарлық ақынның екі кітабы жарық көрді
Ақын Шолпан Байғалының мерейтойына орай рухани-әдеби кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Павлодар облысының және Тереңкөл ауданының Құрметті азаматы, журналист, ақын Шолпан Байғалының 75 жас мерейтойына арналған «Ертістің ерке ақыны» атты рухани-әдеби кеш өтті.
Шолпан Байғалы 1948 жылы 20 тамызда Ақтоғай ауданында Жаңатап ауылында туған. Бір жасынан бастап Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында тұрып, сондағы мектепті тәмамдайды. Алғашқы өлеңдері Қызыл таң ауылында 7-сыныпта оқып жүргенде республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында одан кейін облыстық «Қызыл ту», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарық көрген. Тұңғыш жазған «Ауылым», «Туған жер» деген өлеңдеріне жергілікті сазгер Мейрам Ермекбаев ән жазған.
Кеш барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова ақынға шапан жауып, облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан Құрмет грамотасын табыстады.
Шара барысында ақынның «Алаштың Темірғалысы» және «Таңшолпан» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұдан бөлек, Павлодар облысы мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай, ақын, жазушы Ақын Алақанұлы, Социал Әйтенов сында зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, өңіріміздің жас айтыскер ақындары Мизан Жұмәлі мен Нұрбек Бәкір қайым айтыс жасаса, әнші Әсел Ботаева ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.