Павлодарлық актерлер алғашқы спектаклін Абайға арнады

Павлодарлық актерлер алғашқы спектаклін Абайға арнады
Фото: театр баспасөз хатшысынан

Биыл театр көрермендер назарына төрт жаңа премьера ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өнер ордасы сахна шымылдығын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орайластырып, Мұхтар Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландым... Жас Абай» қойылымымен ашты.

- Бұл – классикалық туынды. Қойылымда аға буын, орта және жас буын актерлері қамтылған. Абайдың рөлін жаңадан келген бала ойнайды. Көпшілік сахналардың да кейіпкерлерін қатарымызға енді қосылған актерлер сомдайды, - деп пайымдады Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының режиссері Әділет Ақанов.

Биылғы маусымда өнер ордасы көрермендер назарына төрт жаңа премьера ұсынады. Алғашқы екеуі қазан айында сахналанады деп жоспарланып отыр.

-  Мұрат Қолғанаттың «Мұғалім» қойылымы бүгінгі қоғамдағы ұстаздардың рөлі, мәртебесін пайымдайтын болады. Бұл – әлеуметтік-драма жанрындағы туынды. Театрға келетін балалар мен студенттер болғандықтан, осы тақырыпты алдық, - деп атап өтті Әділет Ақанов. - Одан кейін Оралхан Бөкейдің «Жылымық» қойылымын шығарамыз. Жылдың аяғына дейін балаларға арналған бір туындымыз шығады деп жоспарлап жатырмыз.

Жаңа маусымда театр ұжымы екі бірдей халықаралық театрлар фестиваліне шақырту алып отыр. Оның бірі 12-17 қыркүйек күндері Жезқазған қаласында өтетін Жанат Хаджиев атындағы VI халықаралық театр фестивалі болса, екіншісі 23-27 қыркүйек күндері Ақтөбеде өтетін Қуандық Шаңғытбаевтың жүз жылдығына арналған VIІ халықаралық «Balausa» экспериментальді спектакльдер фестивалі.

- Жарысқа өткен маусымның аяғында қойылған «Пері қатын» әлемдік классиканың спектаклімен қатысамыз. Сайысқа дейін бұл қойылымды бір мәрте өз сахнамызда ойнап шығамыз, - деді театр режиссері.

Облыстық қазақ музыка-драма театрының актері Бауыржан Манатбектің сөзінше, фестивальдерге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

- Қойылымды режиссер Овлякули Ходжакули Лонданнан келіп қойған еді. Өкінішке қарай, премьерадан соң ол еліне қайта оралды. Алайда, қазір режиссер онлайн репетицияларға қатысып, бізбен жұмыс жасап жатыр. Жалпы қойылымға он актер қатысады, - деді Бауыржан Манатбек.

Осы маусымның тағы бір ерекшелігі актерлер құрамы жаңа екі маманмен толықты. Олар – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері. 

Айта кетейік, жетінші желтоқсан күні облыстық театрға 35 жыл толады. Осы орайда өнер ордасында көптеген жылдар бойы жұмыс жасаған Бекболат Оқасовты еске алу кеші ұйымдастырылады.