Павлодарлық баяншы Балтық жағалауында дәріс оқиды

Павлодарлық баяншы Балтық жағалауында дәріс оқиды
Фото Олжас Нұрлановтың жеке мұрағатынан

Павлодарлық музыкант Олжас Нұрланов биыл жазда халықаралық өнер мектебінде шеберлік сағатын өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы өнерпаз өзінің Instagram парақшасында жариялады. 

Музыканттың айтуынша, «Жаз музыкасы» жобасы 20–31 шілде аралығында Светлогорск қаласында өтеді. Қатысушылар Балтық теңізінің жағалауында кәсіби музыканттармен бірге білім алып, тәжірибе жинайды.

- Жобаға 12 жастан бастап балалар мен ересектер қатыса алады. Бағыттар қатарында вокал, классикалық гитара, скрипка, альт, виолончель, фортепиано, кларнет, баян және аккордеон бар. Сабақтар Гречанинов атындағы балалар өнер мектебінде ұйымдастырылады. Орын саны шектеулі, - деп жазылған хабарламада.

Олжас Нұрланов 1999 жылы Павлодарда дүниеге келген. Баян аспабын Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Мейрам Әлімқұловтың жетекшілігімен меңгерген.

Өнерпаз - баян бойынша халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол Қытай, Ресей, Франция және Германияда өткен беделді жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, ол «Астана-Мерей» және «Трофей мира» байқауларында Гран-при, Тяньцзинь мен Казанда өткен жарыстарда І орын, ал Клингендаль байқауында ІІ орын иеленген. Сонымен қатар музыкант 2021 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалі мен Мюнхенде өткен «Әлем кубогының» жеңімпазы атанған.

Аружан Тоймырза