Павлодарлық дарынды жастарға Satbayev University гранттары бөлінеді
Жаңа келісім инженерлік білімге қолжетімділікті кеңейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы мен Satbayev University ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Келісім облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен жасалды. Оның мақсаты – олимпиадаларда, хакатондарда, ғылыми байқауларда және басқа да зияткерлік жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қолдау, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Еркеновна.
Меморандум аясында Павлодар облысының дарынды оқушылары мен колледж студенттеріне Satbayev University гранттарын беру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Тараптар университет ректоры Мейрам Бегентаевпен өткен кездесуде талантты жастардың кәсіби бағдарын айқындау, инженерлік білімнің қолжетімділігін арттыру және ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын талқылады.
Әйгерім Еркеновнаның айтуынша, жаңа серіктестік дарынды жастардың әлеуетін дамытуға, сапалы инженерлік білім алуға және болашақ мамандығын саналы таңдауға қосымша мүмкіндік береді.