Павлодарлық фермерлер жаңа салық ережелеріне алаңдаулы

Өзгерістердің осал тұстары ұлттық экономика вице-министрімен кездесу барысында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда өткен жаңа салық кодексіндегі өзгерістер жөніндегі жиында ауыл шаруашылығының дамуы мен салық саясаты сөз болды. Кездесуге қаржы және ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ кооператив басшылары қатысты.
ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылым және білім департаментінің директоры Айхан Сұлтанның айтуынша, салаға бөлінетін мемлекеттік қолдау көлемі артқан.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Биыл жеңілдетілген несиелеу көлемі бір триллион теңгеге дейін жетті. Бұл соңғы 2-3 жылмен салыстырғанда он есе көп, – деді ол.
Оның сөзінше, биыл техниканы жаңартуға 250 миллиард теңге бөлінген, бұл көрсеткіш өткен жылдары 160-170 миллиард теңгені құрайтын. Заманауи техника егіс пен орақ науқандарын уақытылы өткізуге мүмкіндік береді. Осының аясында өнімнің өзіндік құнын төмендетеді.
Министрлік сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу бойынша аймақ алдыңғы қатарда екенін алға тартты. Соңғы екі-үш жылда елімізде жаңа 65 ферма ашылды. Енді мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ және арзан несиелер бес пайыз мөлшерлемемен беріледі.
Шараға қатысқан кооператив басшыларының сөзінше, жаңа салық жүйесіндегі жекелеген баптар кооперативтерге қосымша жүктеме түсіруі мүмкін. Олар мұндай тәсіл шағын шаруашылықтардың бірігу ниетіне кері әсер етуі ықтимал екенін атап өтті.
– Фермерлерді біріктіретін кооператив жалғыз жұмыс істейтіндерге қарағанда екі есе көп корпоративтік табыс салығын төлейді. Бұл фермерлерді біріктіру және оларды көлеңкеден шығару саясатына тікелей қайшы келеді, – деді «Ертіс Агро» ауылшаруашылық өндіріс кооперативі басшысы Ерлан Тоқтышақов.
Оның айтуынша, енді тіпті ұсақ кооперативтер мен жеке қосалқы шаруашылықтар айналымдары қырық миллион теңгеден кем болған кезде, қосымша құн салығын төлеушіге айналуға мәжбүр. Өз кезегінде бұл қосымша бюрократияны тудырады.
– Жеңiлдiк 70-тен 80 пайызға дейiн ұлғайтылғанымен, ол кооператив мүшелерiнiң өнiмдерiн қайта өңдеуге және сатуға емес, тек өз өндiрiсiне қолданылады. Салық кодексінде кооперативтік нысанды жеке кодекске қарағанда тиімдірек жасайтын бірде-бір норма жоқ, – деді Ерлан Тоқтышақов.
ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, сынға жауап бере отырып, мұндай жағдай салық заңнамасындағы әдестемелік ерекшеліктерге байланысты екенін атап өтті.
– Иә, бұл мәселе бар. Кооператив әртүрлі меншік түрлерінен құралғандықтан, салық есебінен жалпыға бірдей тәртіппен жүргізу талап етіледі. Біз бұл бағытта әдістемені қайта қарастырамыз, – деді ұлттық экономика вице-министрі.
Кездесу соныңда тараптар ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуда тепе-тең жағдай қалыптастырудың, фермерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.