Павлодарлық фирманың директоры Тәжікстанға заңсыз бензин өткізбек болған
Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері кәсіпкердің заңсыз әрекеттерін тоқтатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар көлік прокуратурасының мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұнай өнімдерін құжатсыз Қазақстаннан тыс жерлерге тасымалдау қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылады, алайда көбінесе бұл жәйт өз қалтасын заңсыз ұлғайтқысы келетін кәсіпкерлерді тоқтата қоймайды.
– Павлодар қаласының жеке кәсіпкері – фирма директоры Тәжікстан Республикасының аумағына автомобиль бензинін тасымалдауды және өткізбек болған. Еліміздегі бензин тапшылығы кезеңіне қарамастан, басқа өнім түрінде жүзеге асыруға шешім қабылдаған, – деп жазылған хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде кінәлі тұлға іс-әрекетіне өкініп, көлік прокурорымен кінәсін толық мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасады. 2022 жылғы 10 қазанда Павлодар қаласы №2 сотының үкімімен ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
54 млн теңге мөлшеріндегі заңсыз өткізілген бензин сомасы және 89 млн теңгені құрайтын контрабанда заты – АИ-95 маркалы бензин мемлекет кірісіне айналдырылды.