Павлодарлық кітапханашылар форсайт-сессиясында тәжірибелерімен бөлісті

Павлодарлық кітапханашылар форсайт-сессиясында тәжірибелерімен бөлісті
Константин Шелковтың иллюстарциялық фотосы

«Оқитын бала - оқитын ұлт» форсайт - сессиясына 390 кітапханашы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Өзара әріптестік іс-қимыл аясында облыстық білім басқармасы мен С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы бірлесіп «Облыстық кітапханадағы мектеп кітапханашылары күні» – «Оқитын бала – оқитын ұлт «Форсайт – сессиясын» ұйымдастырды. 

- Бұл форсайт-сессия кітапхана саласындағы озық кітапхана тәжірибесі мен жаңа ақпараттық технологияларға сәйкес мектеп кітапханашыларының кәсіби білімін және дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Павлодар облысы кітапханашыларының тұрақты бірлескен жұмысы екінші жыл өтіп жатқан кітапханашылар форумынан басталды. Бастама «Оқуға құштар мектеп» және «Оқитын ұлт» республикалық жобалары шеңберінде іске асырылды, - делінген хабарламада. 

Пленарлық бөлімде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова және С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова арнайы қатысты. 

Ал аталмыш кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Жылқыбекова «Оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Павлодар облысының бұқаралық көпшілік кітапханаларының қызметі туралы баяндады.

 - Біздің міндетіміз – баланы кітап оқуға баулу. Бірлесіп жұмыс атқаратын уақыт келді. Бір кітапхана өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. Жалпы күш - жігерімізбен оқу мәдениетін жандандырып, оқу сауаттылығын дамытуды жеделдетеміз, - деді Айнагүл Жылқыбекова.

Форсайт-сессияға қатысушылар облыстық кітапхана мамандарынан «Кітап көрмелерін ұйымдастыру әдістемесі», «Мектеп кітапханашысына көмек көрсетудің онлайн-құралдары», «Кітапхана саласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен өзара іс-қимыл жасау және оларға ситуациялық көмек көрсету этикасы», «Ми шабуылы», кітапхананы әлеуметтік желілерде ілгерілету, кітапханадағы «нетворкинг», «Жаңа кітап - жаңа әлем» т.б. тақырыптар бойынша шеберлік-сыныптар, тренингтер және практикалық жұмыстарына қатысты.