Павлодарлық көршілер бір қабырға үшін дауласты

Іс сотта жиырма күнге жуық қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаланың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында көршілер арасындағы дау бейбіт жолмен шешілді.
Сот материалдарына сәйкес, тараптар гараж қабырғасына байланысты сотқа жүгінген. Сексенінші жылдары салынған бұл құрылыс көршілердің жер телімдерінің шекарасында орналасқан. 2011 жылы көршілердің бірі даулы мүлікті бұрынан орналасқан құрылыспен сатып алды. Ал арыз беруші тұлға ағымдағы жылдың басында өзінің гаражын сатып алып, жер телімінің техникалық құжатын әзірлеу барысында қолданыстағы ғимараттың бір бөлігі өз учаскесіне кіріп кеткенін анықтаған.
Бастапқыда көршілер татуласуға келіспеген. Алайда сот қызметкерлерінің араласуымен тараптар ортақ шешімге келді.
– Басында азаматтар эмоцияға беріліп, бір-бірін тыңдағысы келмеді. Дегенмен кәсіби түсіндіру жұмыстары мен бейтарап көзқарастардың арқасында біз мәселені бейбіт жолмен шештік. Істі қарау барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының мамандарын шақырып, сараптама жүргіздік. Сарапшылар гараждың бір бөлігі талапкердің жер учаскесінде орналасқанын айтты, – деді қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әлия Асанова.
Оның айтуынша, татуластыру жұмыстары шамамен жиырма жұмыс күнін қамтыды. Нәтижесінде көршілер өзара келісімге келіп, даулы мәселе сот шешімінсіз-ақ реттелді.
– Егер де талапкер гаражына қосымша ғимарат салғысы келсе, көршісі өзінің бос учаскесін береді. Осылайша залалды өтеу жолы қарастырылды, – деді ол.
Мамандардың сөзінше, бұл іс сот-медиациясының тиімділігін көрсетеді. Судьялар тараптарды сотқа дейінгі және сот барысында татуласуға шақырып, уақыт пен қаржыны үнемдеуге ықпал етуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауданаралық сотта қала тұрғынымен шаһар монополистінің арасындағы дау бейбіт шешілді. Азамат өтемақыны аз қамтылған отбасыларға бөліп беруді сұрады.